
Атаулы күнге орай мекемеде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты кешке қала әкімі Асхат Бердіханов қатысып, балаларды құттықтады.
«Өткен бір жылда Орталық қиын жағдайдағы балаларға тірек болып, заманауи, жан-жақты дамуға жағдай жасалған мекемеге айналды. Бұл – болашақтың игілігіне бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Баршаңызды мерейтоймен құттықтай отырып, ұжымға табыс пен қажымас қайрат, ал балаларымызға жарқын болашақ пен зор денсаулық тілеймін!» - деді шаһар басшысы.
Бұл күні бала-шаға ән салып, би билеп, кештің көрігін қыздырды. Сондай-ақ олар қонақтарға спорт және білім саласындағы жетістіктерін таныстырды. Балалар арнайы дайындалған торттан дәм татып, отшашу тамашалап, аниматорлармен қызықты ойындар ойнады.
Айта кетейік, қазір мұнда 170-тен астам бала тәрбие алып, білім нәрімен сусындап жатыр.