
Қонаев қаласында 2 шақырымнан астам тозығы жеткен жылу желілері жаңартылады. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланған. Құрылыс жұмыстары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.
Жобамен танысу мақсатында Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов ШЖҚ «Жылу Орталығы» МКК-ға барып, жоспарланған жұмыстардың барысын қарады.
Мекеме мамандарының мәліметінше, жаңғырту Сейфуллин мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы және Абай көшесіндегі жылу желілерін қамтиды. Бұл учаскелердегі құбырлардың тозу деңгейі жоғары болғандықтан, оларды ауыстырмаса, алдағы жылыту маусымында апаттық жағдайлардың туындау қаупі бар.
«Кей құбырлар жер үстінде, кейбірі жер астында орналасқан. Жылыту маусымы басталғанға дейін жаңғырту жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді мекеме директорының орынбасары Оңғарбек Махамбетов.
Қала әкімі Асхат Бердіханов құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауды тапсырды.
Айта кетейік, Қонаев қаласында инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін Алматы көшесінің бойындағы жылу желілері жаңартылса, енді тозығы жеткен тағы бір маңызды учаске қайта жаңғыртылады.