Қонаевта 100 жас спортшы жазғы лагерьге жолдама алды

Қонаевта 100 жас спортшы жазғы лагерьге жолдама алды

Қонаев қаласында өткен «Болашақ чемпиондар лигасының» жеңімпаздарына ерекше сый жасалды. Екі айға созылған спорттық турнирде үздік шыққан 100 жас спортшы қала маңындағы «Күншуақ» балалар сауықтыру лагеріне тегін жолдама алды.

Лагерьдің ашылу салтанатына Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысып, жас чемпиондарды жеңістерімен және жазғы демалыстың басталуымен құттықтады.

«Елдің ертеңгі жетістігі – бүгінгі сіздердей жас чемпиондардың қолында. Қонаев қаласында 20 мыңнан астам бала тұрады. Солардың ішінде қаламыздың абыройын асқақтатып, түрлі жарыстарда 100-ден астам медаль жеңіп алған спортшылар – біздің мақтанышымыз. Осындай жетістіктер – жүйелі қолдау мен табанды еңбектің нәтижесі», – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ қала әкімі Қонаевта талантты әрі дарынды жастарды қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

«Осы игі істің жүзеге асуына үлес қосқан демеушілерге шынайы алғысымды білдіремін. Демалыстарыңыз көңілді де пайдалы өтсін. Жақсы тынығып, тың күш жинап, жаңа белестерді бағындыра беріңіздер!» – деді Асхат Бердіханов.

Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты. Балалар үшін түрлі ойындар мен қызықты бағдарламалар ұйымдастырылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.

«Күншуақ» лагерінде балалардың толыққанды демалуына барлық жағдай жасалған. Мұнда жайлы жатын орындар, асхана, спорт және ойын алаңдары, бассейн, сондай-ақ жағажай жұмыс істейді.

Айта кетейік, «Болашақ чемпиондар лигасы» Қонаев қаласы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Турнирге футбол, волейбол және баскетбол спорт түрлері бойынша 72 командадан 2000-нан астам жас спортшы қатысып, екі ай бойы өзара бақ сынады. Лагерьге жолдама – жарыста үздік нәтиже көрсеткен жас чемпиондарға берілген арнайы сыйлық.