Қонаев қаласының тұрғындары мен қонақтары енді заманауи талаптарға сай жаңартылған теміржол вокзалының қызметін пайдалана алады. Жарты ғасыр бұрын салынған «Қапшағай» теміржол вокзалы күрделі жаңғыртудан өтіп, ресми түрде қолданысқа берілді.
1970 жылдары бой көтерген вокзал осы уақытқа дейін тек бір мәрте күрделі жөндеуден өткен. Ал ауқымды жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталып, жобаның тапсырыс берушісі «ҚТЖ» ҰК» АҚ болды.
Жаңартылған нысанның ашылу салтанатына Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысып, вокзалдың қызыл лентасын қиды.
«Вокзалды жаңғырту – тұрғындардың жайлылығы мен қаламыздың дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба. Қонаевқа келген әрбір қонақтың қала туралы алғашқы әсері осы вокзалдан басталады. Сондықтан оның заман талабына сай болуы өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба өңірдің көлік әлеуетін арттыруға жаңа серпін береді. Осы іске үлес қосқан барша мамандарға алғысымды білдіремін», – деді шаһар басшысы.
Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде вокзалдың аумағы екі есеге жуық ұлғайып, 284 шаршы метрден 503 шаршы метрге дейін кеңейді. Енді мұнда кең күту залы, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, санитарлық тораптар қарастырылған. Сондай-ақ инженерлік желілер ауыстырылды, аумағы заман талабына сай жарықтандырылды.
Вокзал күніне 5-6 жолаушылар пойызын қабылдайды, ал жалпы «Қапшағай» арқылы өтетін 20-дан астам пойыз бағыты бар. Жуық арада Алакөлге қатынайтын бағыт ашылуы мүмкін.
Алдағы уақытта теміржол көпірін жөндеу жұмыстары да жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен туристер үшін қатынастың қауіпсіздігі мен қолайлылығын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.