
Қонаевта Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының балалары үшін ондаған тақырыптық алаң, спорттық жарыстар, концерттер, шоу-бағдарламалар мен ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылды.
Мерекелік таң велошеруден басталды. Жарысқа 5 пен 13 жас аралығындағы 400-ге жуық бала қатысты. Қатысушыларға бір шақырымдық қашықтықты бағындыру тапсырылды.
Жеңімпаздардың бірі – үшінші сынып оқушысы Матвей Красин. Ол өз жас санатында бірінші орын иеленді.
«Бүгін бірінші орын алдым. Жеңіске жеткім келді және қолымнан келді. Велоспортпен екі жылдан бері айналысамын», – деді жас чемпион.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық мерекеге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бұған дейін өткен велошеруге 200-ден астам бала қатысса, биыл қатысушылар саны екі есеге жуық көбейген.
«Мерекелік іс-шара Қонаев қаласы әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Балалар үшін барлық жағдай жасалуда. Мұндай шараларға қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны қуантады», – деді Қонаев қаласы әкімі аппаратының басшысы Рахман Шахарбек.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – ретро-көліктер шеруі болды. Қала көшелерімен ретро-музейдің кабриолеттері жүріп өтті. Алдымен ерекше балаларға экскурсия ұйымдастырылып, кейін барлық тұрғындарға мүмкіндік берілді.
«Бүгін шеруге ашық үлгідегі 12 ретро-көлік қатысып жатыр. Біз қалалық мерекелерге жыл сайын қатысамыз», – деді Қонаев қаласының тұрғыны Мұрат Сіргебаев.
Сонымен қатар Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақ үлкен шығармашылық алаңға айналды. Мұнда балалар өз өнерлерін көрсетіп, түрлі шеберлік сағаттарына, ойындар мен байқауларға қатысты.
Мереке қалалық мәдениет үйінде жалғасты. Онда кішкентай көрермендерге «Ғажайып ертегі» спектаклі тегін көрсетілді. Балалар қойылымды қызығушылықпен тамашалап, әртістерді зор қошеметпен қарсы алды.