
Қонаев қаласында №4 жағажайды абаттандыруға қатысты инвестжоба қоғамдық тыңдауда таныстырылды. Жиынға тұрғындар, қоғам белсенділері, депутаттар және жауапты сала мамандары қатысты.
Бұған дейін Рауан ықшамауданының тұрғындары жағажай аумағында қонақ үй мен мейрамхана салынса, су қоймасына еркін өту шектеледі деп алаңдаушылық білдірген болатын. Сонымен қатар жағажай жері жекеменшікке өтіп кете ме деген сұрақтар көтерілген еді. Осыған байланысты қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды.
Тыңдау барысында «Dameli company» ЖШС өкілдері жобаны таныстырды.
«Біздің мақсат – Қонаев қаласының туристік әлеуетін арттырып, жағажай аумағын заман талабына сай абаттандыру. Жобаға 650 млн теңге инвестиция салынады. Ең бастысы – жағажай тұрғындар үшін ашық болып қала береді. Демалушылар су қоймасына бұрынғыдай еркін өте алады», – деді серіктестік өкілі Думан Зейтенов.
Инвесторлардың айтуынша, жер учаскесі мемлекеттен жалға алынады. Жоба аясында бунгало, мейрамхана және шағын сәулеттік нысандар орнатылады. Сонымен қатар жағажайда құтқарушылар мұнарасы, бейнебақылау камералары мен жаяу жүргіншілер жолы салынып, демалыс орындары ретке келтіріледі.
«Жоба аясында 20 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде шомылу маусымына дайындық басталды», – деді компания өкілі.
Тұрғындардың ұсынысынан кейін жобаға өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, жағажай аумағында қонақ үй салынбайтын болды. Бұл шешім қоғамдық тыңдау хаттамасына енгізілді.
Кездесу барысында электр жүйесіне түсетін жүктеме мәселесі де көтерілді. Инвесторлар бұл мәселені жеке трансформатор орнату арқылы шешетіндерін айтты.
Қалалық мәслихат депутаты Айман Ракишева мұндай жобалардың қала туризмін дамытудағы маңызына тоқталды.
«Қонаев жыл сайын дамып, туристер көп келетін қалаға айналып келеді. Сондықтан жағажайларды заманға сай абаттандыру маңызды. Ең бастысы – жоба заң аясында жүзеге асырылады», – деді депутат.
Ал ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбай Оралбаев жағажай аумағын ретке келтіру – уақыт талабы екенін атап өтті.
Қатысушылар жобаға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын белсене білдірді. Қоғамдық тыңдау нәтижесінде халық инвестжобаның жүзеге асуын бірауыздан қолдады. Көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, жауапты бөлімдерге жолданады.