
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар кезең-кезеңімен абаттандырылады. Негізгі мақсат – санитарлық талаптарға сай, қызмет көрсету сапасы жоғары, тұрғындар мен туристерге қолайлы демалыс аймағын құру.
Қала әкімі Асхат Бердіханов №6 және №7 жағажай аумақтарын, сондай-ақ Алматы демалыс аймағын аралап, жоба авторларымен бірге жоспарды талқылап, бірқатар өзгерістер енгізді.
Атап айтқанда, шаһар басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен жобалаушыларға тротуар жабынын бұзбай, жөндеу туралы тапсырма берді. Сонымен қатар көгалдандыру мәселесі бойынша Алматы қаласындағы Ботаникалық бақ мамандарымен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттілігін атап өтті. Себебі, құмды аймақта кез-келген жасыл желек жерсіне бермейді.
Сондай-ақ әкім бизнес нысандарының көлемін қайта қарауды тапсырды. Ал әжетханалар, киім ауыстыратын орындар мен душтар санитарлық талаптарға толық сай болуы тиіс. Күтіп ұстау шығындарын ескере отырып, әжетханалардың ақылы негізде жұмыс істеуі жоспарлануда.
«Ойын алаңдары, жағажай спортына арналған аймақтар, воркаут алаңдары, әткеншектер, тапшандар, құтқару бекеттері мен шатырлар сапалы әрі берік құрылыс материалдарынан салынуы қажет. Қонаевта жел жиі соғатынын ескере отырып, барлық нысандар ауа райының қолайсыз жағдайларына төзімді болуы керек. Автотұрақ аумағын кеңейтіп, жарық бағаналарын бір қалыпқа келтіріңіздер», – деді Асхат Бердіханов.
Су деңгейінің жаз мезгілінде төмендейтіні де ескерілді. Жеңіл конструкциялар орын ауыстыруға ыңғайлы етіп орналастырылады.
Жоба аясында жағажай аумағында визит-орталық салу жоспарланып отыр. Барлық нысандар бірыңғай дизайн тұжырымдамасына сәйкес бой көтереді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында медициналық пункт, полиция бекеті орнатылып, бейнебақылау камералары қойылады.
Алматы демалыс аймағын аралау барысында қала әкімі бұл аумаққа қатысты да бірқатар сын-ескертпелер айтты. Екі жоба да қайта пысықталып, тиісті түзетулер енгізіледі.