
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов тұрғындарды жеке қабылдау өткізді. Азаматтар кәсіпкерлік нысанын салуға жер учаскесін бөлу, баспана мәселесімен жүгінді.
Заң шеңберінде бизнес орындарына жер учаскесі аукцион арқылы беріледі. Оған кез-келген тұрғын қатыса алады. Шаһар басшысы осы процесс туралы түсіндірді. Сондай-ақ жиһаз цехын ашуға жер учаскесін ауылдардан қарастыруға болатынын айтты.
Ал келесі тұрғынның айтуынша, «Отбасы банк» АҚ арқылы баспана сатып алуға құжаттарды рәсімдеуде қиындықтар туындаған. Оған әкімнің тапсырмасымен заң бөлімінің мамандары көмектесетін болды.
Сонымен қатар әжейдің пәтерге кезекке тұруына да мамандар қол ұшын созып, толық сүйемелдейді.
Қабылдау соңында хаттамалық тапсырма жасалып, бөлім басшыларына жолданды.