
Қонаев қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу, алаяқтыққа жол бермеу тақырыптарында активпен кездесу өтті. Бұл жиын «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Жиынға қала әкімі Асхат Бердіханов төрағалйық етті.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлібек Керім Алматы облысында 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен интернет-алаяқтарға алданбау тетіктері, қылмыскерлердің жаңа схемалары туралы айтты. Полицейдің сөзінше, өңірде 2024 жылы 1470 алаяқтық дерегі тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 1711-ге жеткен. Жалпы алаяқтық қылмыстары 16,4 пайызға өскен.
Облыста интернет-алаяқтық қылмыстарының саны төмендегенін атап өтті. 2024 жылы өңірде 75 интернет-алаяқтық дерегі тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 35-ке дейін қысқарды. Бұл жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының оң нәтижесін көрсетеді.
Полицияның жедел уәкілі алаяқтар қолданатын жиі әдістердің қатарында sms-код сұрату, жалған инвестициялық жобалар арқылы табыс уәде ету, шын мәнінде жұмыс істемейтін интернет-дүкендер, сондай-ақ делдалдық сипаттағы «дроперлік» схемалар бар екенін айтты.
Ал Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке орналасу толығымен цифрландырылуда.
«Былтыр жоғарыда аталған қағидат шеңберінде жоғары сынып оқушылары арасында сурет салу, эссе жазу және дебат бағыттары бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар түсіндірме жұмыстары аясында бейнероликтер түрлі әлеуметтік желілерде таратылды. Қала тұрғындарымен, мекеме қызметкерлерімен және жастармен барлығы 15 кездесу өткізілді», – деді Асхат Бердіханов.
Халық қауіпсіздігі мақсатында бұл жұмыстар жалғасын табады.