
Бұл туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында мәлім етті.
Шаһар басшысының сөзінше, биыл Департаменттер үйі, Оқушылар сарайы, Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттарының құрылысы басталады. Тапсырыс беруші – Алматы облыстық құрылыс басқармасы. Барлық нысандар Бас жоспарға сәйкес, Алматы-Өскемен күре жолының бойында салынады. Ал спорт кешенін салу үшін «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдерімен келіссөздер жүргізіледі.
Сонымен қатар ол бірнеше жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан кәріз-тазарту жүйесінің де құрылысы биыл басталуы мүмкін екенін айтты. Бұл ауқымды жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге аспақ. Мұнда тапсырыс беруші – Алматы облысының салалық басқармасы.
«Құрметті депутаттар, менің ойымша, тек ауызбіршілік арқасында ортақ жұмыстың нәтижесін көреміз. Биылға жоспарларымыз өте көп. Біз өздеріңізден қолдау күтеміз. Алғысымды білдіремін», - деді шаһар басшысы сөзін қорытындылап.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Қызылордада өткен Құрылтай кезінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында театр салынатынын айтты.