Қонаевта 5 автобус қолданысқа берілді

Қонаевта 5 автобус қолданысқа берілді

Қонаев қаласында Президенттің тапсырмасына сәйкес, жол-көлік инфрақұрылымы жыл сайын дамып келеді.

Облыс орталығы болғалы барлық ескі автобустар жаңартылып, қала мен ауылдар арасында қатынайтын бағыттар ашылды.

Бұған дейін қалада 9 маршрут бойынша 28 автобус болса, оның қатарына 1 маршрут, 5 қоғамдық көлік қосылды. Жаңадан ашылған маршруттағы автобустар Қонаев пен Кербұлақ, Ақөзек ауылдары арасында қатынайды. Қалған 4 автобус қалаішілік маршруттарға жіберілді.

Жалпы алғанда халыққа 33 автобус қызмет көрсетуде. Оның ішінде 6 бағыт қалаішілік болса, 5-еуі елдімекендерге қатынауда.

Былтыр Қонаев қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, қала аумағында жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау және сараланған тарифтер белгіленді:
1. Қалалық қоғамдық көлікте жол жүру ақысы электрондық билет жүйесі немесе ұялы байланыс операторы арқылы төленген жағдайда – 120 теңге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде – 200 теңге;
2. Қонаев – Заречный, Қонаев – Арна бағыттарында электрондық төлем – 150 теңге, қолма-қол төлем – 300 теңге;
3. Қонаев – Қосқұдық, Қонаев – Шеңгелді бағыттарында электрондық төлем – 200 теңге, қолма-қол төлем – 400 теңге;
4. Қонаев – Сарыбұлақ, Қонаев – Кербұлақ, Ақөзек бағыттарында электрондық төлем – 200 теңге, қолма-қол төлем – 500 теңге.

Десе де, жолаушылардың кей санаттарына жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, студенттер, мектеп оқушылары, зейнеткерлерге жолақысына 50% жеңілдік. Тегін қатынайтын жолаушылар да бар: көпбалалы аналар, 1-2-3-топтағы мүгедектігі бар адамдар, 18 жасқа дейінгі ерекше балалар мен оларды алып жүретін адамдар.

Сондай-ақ былтыр 16 жаңа аялдама қолданысқа берілді. Жаздық-қыстық аялдамалар толығымен цифрландырылған, бейнебақылау камералары, бағыттар көрсетілген теледидар, ауа желдеткіш орнатылған.