
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов күзгі дала жұмыстарын қорытындылап, 2026 жылға нақты жұмыс жоспарын бекіту мақсатында ауылдағы шаруалармен кездесті.
Басқосуда сорғы станцияларының жай-күйі, тарифтердің өзгеруі, су алуға лимит, топырақ құнарлығы, паразиттерге қарсы өңдеу секілді түйткілді мәселелер көтерілді.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Ибраимовтың сөзінше, биыл Шеңгелді ауылдық округінде 11 мың гектардан астам аумақ игерілді. Күзгі дала жұмыстарының нәтижесінде жиналған 8 мың тонна пияз бен картоп қоймаларда сақталған. Өнімді ірі сауда орталықтарына өткізу үшін келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ «Қонаев ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қорына өткізу мәселесі қарастырылуда.
Келесі сұрақ – су тарифі. №2 сорғы станциясының басшылығы 2026 жылы тариф 1 текше метр суға 30 теңге болуы мүмкін екенін айтып, шаруаларға хабарлама берген. Тарифтің өсуі су желілерін күтіп ұстау мен жөндеу шығындары, электр энергиясы тарифінің өсуіне байланысты болып отыр. Түбегейлі шешім әлі қабылданған жоқ, алдағы уақытта қоғамдық тыңдалым өтеді.
Ал №4 сорғы станциясының су желілері тозып, биыл бірнеше рет апат орын алған. Осыған байланысты станцияны сатып алып, мемлекет иелігіне өткізу, кейіннен күрделі жөндеу проблемасы талқылануда. Егер нысанды сатып алмайтындай жағдай болса, басқа техникалық шешімдер қарастырылады. Шаруаларға бұл жағдай да толығымен түсіндірілді.
Сонымен қатар жиында «Қапшағай Бидай Өнімдері» ЖШС-на бидай өткізу, «PepsiCo» компаниясына картоп өткізуге болатыны айтылды. Ірі зауыттармен жұмыс істеу шаруалардың тиімді әрі пайдалы қызметін қамтамасыз етеді.
«Шаруалармен үнемі кездесулер өткізіп, бірқатар проблемаларды шештік. Алдағы маусымда да бірлесе қызмет етейік. Барлық жобалар, жоспарлар өздеріңізбен ақылдаса отырып, жүзеге асырылады», – деді Асхат Бердіханов пікірін білдіріп.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер су лимитін өзгерту, топырақ құнарлығын зерттеу, зиянкестерге қарсы өңдеу жайлы сұрақтарын қойды. Жиынның хаттамасы жасалып, соның негізінде тиісті шаралар қабылданады.