Қонаевта Республика күні тойланды

Қонаевта Республика күні тойланды

Қонаев қаласында Республика күні және Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты жиын қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Оған шаһар тұрғындары мен қонақтары, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері және мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов алып, ел тәуелсіздігінің мән-маңызына тоқталды.

«Бұл күн – халқымыздың еркіндікке ұмтылған асқақ рухының және елдігіміздің нышаны. Республика күні – Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке. Бүгінгі таңда Қонаев қаласында тікелей инвестициялар көлемі 96,7 млрд теңгеге жетті, өнеркәсіп өндірісі 67,7 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар – биыл 132 отбасы жаңа пәтерге ие болды, жыл соңына дейін тағы 128 пәтер кезектегі азаматтарға табысталмақ», – деді қала әкімі.

Сонымен қатар ол Қонаевтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттап, алғыс білдірді.

Жиын концерттік бағдарламаға ұласты. «Қонаев әуендері» ансамблі, қала өнерпаздары мен жас орындаушылар патриоттық әндер шырқап, ұлттық биден шашу шашты.

Айта кетейік, 25 қазан күні Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі және кешкі 17.00-де Орталық алаңда концерт, дрон-шоу өтеді.