
Қонаев қаласының әкімдігі 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жариялады. Барлық негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсім байқалады.
Экономика және қаржы бөлімінің деректеріне сәйкес, жергілікті бюджетке 44,5 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 млрд теңгеге көп немесе 116,6%-ды құрайды.
Қаладағы өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 67,7 млрд теңгеге жетсе, негізгі капиталға салынған инвестициялар 96,7 млрд теңгені құрады. Сауда саласы да оң динамика көрсетіп отыр: бөлшек сауда айналымы – 38,2 млрд теңге, көтерме сауда айналымы – 20,9 млрд теңге болды.
Жұмыспен қамту саласында 2377 тұрғын еңбекке орналасуға өтініш білдірген. Олардың 662-сі тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту деңгейі 27,9%-ды құрайды. Есепті кезең соңында 1180 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады: өнім көлемі 14,4 млрд теңгені құрады. Негізгі көрсеткіштер бойынша — жылқы саны 16,1%-ға, ет өндіру көлемі 15,1%-ға, сүт өндіру 8,6%-ға, жұмыртқа шығымы 27,2%-ға артқан. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 11 769 гектарды қамтыды.
Құрылыс саласында 9 айдың ішінде 36,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 17,4 млрд теңгені құрады.
Қонаев қаласы әкімдігі аталған көрсеткіштер қала экономикасының тұрақты дамуын және негізгі салалардағы оң серпінді айқындайтынын атап өтті.