Қонаев қалалық кітапханасында TikTok аймақ ашылды

Қонаев қалалық кітапханасында TikTok аймақ ашылды

25 Қазан – Республика күніне орай, кітапхана жаңа тыныс алды.

Мұнда жас оқырмандарға арналған жаңа балалар бөлімі ашылды. Заманауи талаптарға сай безендірілген бұл кеңістік балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін дамытуды мақсат етеді.

Жаңа бөлімнің ерекшелігі – жастар арасында кең тараған TikTok платформасына арналған арнайы бұрыштың болуы. Бұл аймақ жас оқырмандарға өз шығармашылығын дамытуға, қызықты бейнероликтер түсіріп, кітап әлемін жаңа форматта насихаттауға мүмкіндік береді.

Бүгінде кітапхана қорында 10 мыңға жуық кітап бар. Мұндағы көркем әдебиет, энциклопедиялар мен заманауи балалар әдебиеті үлгілері өскелең ұрпақтың рухани дамуына серпін бермек.

Кітапхананың басшысы Айгүл Ақтанованың айтуынша, жаңа бөлімнің ашылуы – уақыт талабынан туған шешім.

«Жыл сайынғы 10 мың оқырманның шамамен 35 пайызын балалар құрайды. Соңғы жылдары балалар бөлімін ашу қажеттілігі айқын байқалды. Модернизациядан кейін бізге қосымша 8 штат берілді, соның үшеуін балалар бөліміне бөлдік. Басты мақсат – жас оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып, олардың еркін әрі қызықты ортада дамуына жағдай жасау», – деді ол.

Ашылу салтанатына «Балдырған» журналының бас редакторы, мәслихат депутаттары және Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы қатысып, жаңа бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Жаңа балалар бөлімі – Қонаев қаласының мәдени өміріндегі маңызды жаңалық. Ол жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашпақ.