
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округінің халқымен тұрақты кездесу өткізді.
Баяндамадан соң, тұрғындар бірқатар келелі мәселелерді көтерді.
Ең алдымен халық дәріхананың, сондай-ақ амбулаторияда УДЗ және рентген маманының жоқтығын айтты. Жас мамандар Шеңгелдіге көшіп келгеннің өзінде баспанамен қамту мәселесін де қарастыру қажет.
Бұл сұраққа қалалық көпсалалы аурухана директорының орынбасары Айсұлу Оңғарова жауап берді. Айтуынша, жақын арада 3 маман УДЗ, рентгенге түсіру бағыттары бойынша жұмыс істей бастайды. Ал тұрғын үй беру жайында қала әкімі айтты.
«Осы уақытқа дейін бұл түйткіл қозғалған. Жергілікті әскери бөлім арқылы пәтерлерді алып, мамандарға беру жайлы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ауыл әкіміне баспанаға мұқтаждардың тізімін жаңартуды тапсырамын. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да жұмыс істеп тұр. Дәріхана ашу сұрағын аурухана басшылығы қарастырады. Маңызды кәсіпкерлік нысанды ашамын деушілер болса, қолдау қажет», – деді Асхат Бердіханов.
Ауыл тұрғындары көтерген тағы бір мәселе – қоғамдық көлік тапшылығы. Қазіргі таңда Шеңгелді–Қонаев бағытында қатынайтын автобустар саны жеткіліксіз. Бұл туралы жауап берген автопарк өкілдері қосымша автобус сатып алу бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ Шеңгелдінің жаңа тұрғын үй аумақтарындағы инфрақұрылым жайы назарға алынды. Жұртшылықтың айтуынша, кейбір көшелерде әлі күнге дейін су, жарық және жол мәселесі шешілмеген.
Аталған жайтқа байланысты Асхат Бердіханов ауыл әкімі Мақсат Жазиевті сынға алды.
«Қазір жаңа үйлер түсіп жатқан жерге электр желісі тартылуда. Дегенмен, басқа да желілерді жүргізуге жүйелі түрде тоқталып, алдын ала инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасын дайындау қажет еді. Бұл ең бірінші ауыл әкіміне сын. Әр сұрақты толыққанды қарауымыз тиіс. Бұлай іс еткеніміз жарамайды. Жоба жасау, басқа жоспарларды түгендеуді ТҮКШ бөліміне тапсырамын», – деді қала әкімі.
Бұдан бөлек, әлеумет көтерген бос ғимараттарды пайдаға асыру, сквер салу, жайылым жер тапшылығы сұрақтары хаттамалық тапсырма негізінде шешімін табады.