Елімізде жыл сайын мыңдаған баланың ата-анасы логопедтің көмегіне жүгінеді. Тіпті, ауылда да мамандарға сұраныс жоғары.
Бұл туралы логопед Гүлнұр Оразбекова айтты. Ол Кербұлақ ауданының тұрғыны. Биыл «Бастау бизнес» жобасына қатысып, 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған.
«Балабақшада жұмыс істеп жүргенде логопед кабинетін ашуға ұсыныстар түсті. Негізгі мамандығым – педагог-психолог. Алайда, ойлана келе, логопед мамандығының қыр-сырын біліп, оқып алуды жөн көрдім. Осылайша, биыл Кербұлақтан оқу орталығын аштым», – деді маман.
Айтуынша, қазір мұнда 3-6 жас аралығындағы 6 бала логопедтік қызмет алуда. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларының білімін арттыру үшін қосымша сабақтар беріледі.
«Балалардың тілі анық, ойы жүйелі болсын, білімге қызығушылығы артсын деген ниетпен еңбек етіп жүрміз. Біздің жұмыс арқылы қоғамға титтей пайдамыз тиіп жатса, қуаныштымыз», – деді логопед.
Гүлнұр қазірде 4 баланың анасы. Жұбайы – қарапайым бригадир. Балалары ән мен биден үйірмеге қатысады.
«Ауылда балалардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін үйірмелер көптеп ашылса деген тілегіміз бар. Басқа ауылдардан логопедтің көмегіне жүгінер ата-аналар болса, есігіміз әрдайым ашық. 20-25 баламен жұмыс істей аламыз», – деді ол.
Гүлнұр Оразбекова сияқты еңбек адамдарының табандылығы мен ізденісі – қоғам дамуының басты тірегі. Осындай мамандардың арқасында ауылдағы балалар жаңа мүмкіндікке ие болып, өз әлеуетін ашуға жол табуда.