Әкім алдымен ауылдарда салынып жатқан тас жолдың сапасын тексерді. Жауапты бөлім мамандарының айтуынша, жақын арада барлық елдімекендердегі құрылыс жұмыстары аяқталады.
Одан кейін шаһар басшысы қоғамдық көлік мәселесі жайында Кербұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол жақын арада Қонаев пен екі ортаға қатынайтын автобус бағыты ашылатынын атап өтті. Тиісті құжаттар рәсімделу үстінде.
Бұдан бөлек, Асхат Бердіханов Шеңгелдідегі мал сою алаңы мен өрт сөндіру депосының құрылыс барысымен танысты. Мал сою алаңы кейіннен ветеринарлық бөлімнің иелігінде болады. Ал депо тұрғызылған соң, Қонаевтың өрт сөндіру бөлімінен 1 техника бөлінеді. Бұл - төтеншеліктердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған шаралардың бірі.
Шаһар басшысы жергілікті Мәдениет үйінің де жағдайымен танысты. Нысан 1987 жылы қолданысқа берілген, 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда 220 орындық Мәдениет үйінің кафельдері сынып, қабырғасы қақыраған, спорт зал жылу жүйесіне қосылмаған. Мұнда 100 орындық кіші зал да бар. Ғимаратты толықтай жөндеуден өткізу мақсатында жобалық-іздестіру жұмыстары жүруде. Кейіннен жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданады. Шаһар басшысы бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
___