Қонаев қаласының 55 жылдығы 6 күн қатарынан тойланады

Қонаев қаласының 55 жылдығы 6 күн қатарынан тойланады
 

Биыл Қонаев қаласының іргетасы қаланғанына – 55 жыл. Осыған орай, облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін алғаш рет Қала күні кең көлемде аталып өтпек.

Мерекелік бағдарлама алты күнге жалғасады. 22-27 қыркүйек аралығында қала тұрғындары мен қонақтары мәдени, спорттық, танымдық іс-шараларға қатысып, ерекше мерекелік атмосфераны сезінетін болады.

27 қыркүйектегі бағдарлама сағат 11.00-ден 21.00-ге дейін жалғасады. Гала-концерт аясында ұзындығы 30 метр болатын алма бәліші дайындалады. «Алма бәліші» фестиваліне түрлі ұлт өкілдері қатысады. Бұл шараның негізгі мақсаты – бір шаңырақ астында, бір дастарқан басында дәм бөлісіп отырған халықтың ынтымағын көрсету. Яғни, «бір нанды бөлісіп жеген» дәстүріміз бүгінгі күнде бейбіт өміріміздің, береке-бірлігіміздің айқын көрінісіне айналмақ.

Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақта балаларға арналған тегін ойын алаңдары, сурет көрмелері, фото-аймақтар, TikTok алаңдары мен түрлі инсталляциялар орнатылады. Қала кәсіпкерлері өз өнімдерін таныстырып, жергілікті өндіріс әлеуетін көрсетеді.

Сондай-ақ, мерекелік театрландырылған қойылымда қала тарихы сахналанып, әсерлі мотошеру ұйымдастырылады. Ардагерлер құрметтеліп, шомылу маусымының қорытындысы және «Таза аула» байқауының жеңімпаздары марапатталады.

Кештің басты сахнасына қазақстандық жұлдыз Мирас Жүгінісов пен Bellucci тобы шығып, мерекелік концертті отшашу түйіндейді.

6 күндік жоспар келесідей:

Мәдени іс-шаралар
22 қыркүйек сағат 18.00-де – «Қонаев әуендері» концерттік ансамблінің тұсаукесері (Мәдениет үйі)
25-27 қыркүйек – тегін кино көрсетілімдер («Шағала» кинотеатры, Б.Соқпақбаев ат.орталық саябақ)
27 қыркүйек сағат 11.00-21.00 – Қала күнінің қорытынды гала-концерті

Спорттық іс-шаралар
23 қыркүйек сағат 9.00 - «Qonaev 55» атты ересектер арасында шағын футболдан қала әкімінің кубогі
25 қыркүйек сағат 9.00 – баскетболдан қала әкімінің кубогі (Кроссфит алаңы)

Танымдық іс-шаралар
22-27 қыркүйек – барлық білім ошақтарында «Менің қалам – жарқын болашақтың есігі» атты ашық сабақтар
23 қыркүйек – Қапшағай ГЭС-те ашық есік күні
24 қыркүйек – ҚР ҚК десанттық-шабуылдау бригадасы әскери бөлімінің ашық есік күні
26 қыркүйек – «Kitap fest» фестивалі (қалалық кітапхана)

Жаңа нысандардың ашылуы

23 қыркүйек – қалалық кітапханада «Қонаев қаласының тарихы» бұрышы ашылады
«Отбасы банк» АҚ-ның Алматы облысындағы қосыны өз жұмысын бастайды
26 қыркүйек – «Selfie zone» сквері қолданысқа беріледі (Қойшыманов к.)

Аталғандардан бөлек, 25 қыркүйекте «Таза қала – таза сана» тазалық акциясы өтеді. Қайырымдылық іс-шаралары да ұйымдастырылады. Ал 27 қыркүйек күні Қала күніне орай, қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді.