Қонаев қаласында халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызмет сапасын арттыратын бірегей нысан – кардиологиялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.
Нысан инвесткомпанияның қаржысына салынуда. Тартылатын инвестиция көлемі - 1,5 млрд.теңгеден астам. Орталықта үш ота залы, 21 диагностикалық және емдеу, 20 науқас кабинеті, 48 төсек-орындық стационар бөлімі болады. Медициналық мекемені заманауи аппараттармен жабдықтау көзделуде. Жылына орталықта 15000 адам ем қабылдайды, жаңадан 100 жұмыс орны құрылады.
Қалада қолға алынған тағы бір ірі жоба – 4 немесе 5 жұлдызды қонақ үй кешенінің құрылысы. Шаһарда бұрын-соңды мұндай нысан болмаған. Кешен Аладдин ойынханасының аумағында тұрғызылуда. Аумағы 3 гектарды құрайды. Мұнда тек қонақ үй емес, отбасылық демалыс аймағы тұрғызылады.
Нысан құрылысына 50 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Ашылатын жұмыс орындарының саны – 500-ден астам. Қонақ үй кешені 2027 жылы ашылады деп жоспарлануда.
«Қонаев қаласында жалпы сомасы 2,4 трлн.теңге болатын 39 инвестжоба жүзеге аспақ. 2025 жылдың басынан негізгі капиталға 58,0 млрд. теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда шетелдік компаниялармен жаңа жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деп жазды әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімі.
Алдағы уақытта Қонаев қаласында түрлі серіктестіктермен бірлесе отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту жоспарлануда. Бүгінде шаһар аумағында 12 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр.
__