Қонаевта 2,2 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды

Қонаевта 2,2 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды

Алматы облысы бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова Қонаев қаласында орналасқан «Қапшағай өңірінің газ желілері» ЖШС нысандарына баспасөз турын өткізді. Іс-шараға журналистер, депутаттар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Компания директоры Батурин Абдримов жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндап, 2021–2025 жылдарға арналған жалпы сомасы 173,2 млн теңге инвестициялық бағдарлама бекітілгенін айтты. Оның ішінде 2024 жылға 39,4 млн теңге қарастырылған.

Бағдарлама аясында Қонаев қаласының 1-шағынауданында ұзындығы 2,5 шақырым төмен қысымды газ тарату желісінің құрылысы толық аяқталды. Нысан пайдалануға беріліп, 2 271 тұтынушы газға қол жеткізді. Оның ішінде 1 680 абонент бүгінде қосылып үлгерді.

Биылғы жылы құны 38,1 млн теңгені құрайтын жұмыстар жалғасуда. Қазір №18 шағынауданда ұзындығы 2,2 шақырым болатын газ желілерінің құрылысы басталды. Жоба толық аяқталғаннан кейін тағы 2 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қосылады.

Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.