Достық пен өзара тиімді ынтымақтастық рухы: Алматы облысы Қытаймен жеті меморандумға қол қойды

Достық пен өзара тиімді ынтымақтастық рухы: Алматы облысы Қытаймен жеті меморандумға қол қойды

Алматы облысына Қытай Халық Республикасының Цинхай провинциясынан ресми делегация келді. Сапар аясында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Цинхай провинциясы ҚКП-ның бірінші хатшысы У Сяоцзюньмен кездесті. Тараптар «Бір белдеу – бір жол» бастамасының мақсаттарын қолдайтынын білдіріп, шекаралық сауда, жасыл энергетика және ғылыми зерттеулерді дамытуға дайын екенін жеткізді. Қазіргі таңда өңірде қытайлық капиталдың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, ал өзара тауар айналымы жыл сайын 1 млрд доллардан асып отыр.

Сапар бағдарламасы аясында Цинхай делегациясының өкілдері мен Алматы облысының жеті басқармасының басшылары арасында екіжақты келіссөздер өтті. Негізгі назар практикалық ынтымақтастық тетіктеріне және бірлескен жобаларды іске қосуға аударылды.

Кездесу қорытындысында тараптар экономика, энергетика, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және төтенше жағдайлардың алдын алу салаларын қамтитын жеті меморандумға қол қойды.
«Алматы облысы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеуетке ие. Бізді әсіресе өңірдің агроөнеркәсіп пен инфрақұрылымдағы жетістіктері тәнті етті. Қазақстанды сенімді серіктес деп білеміз және бірлескен жобаларымыз өңірлеріміздің өркендеуіне ықпал етеді деп сенеміз», – деді Цинхай провинциясы ҚКП-ның бірінші хатшысы У Сяоцзюнь.

Цинхай делегациясына облыстың экономикалық және мәдени ерекшеліктері таныстырылды. Сауда департаменті директорының орынбасары Ян Сяомин Қазақстанмен әріптестікті дамытудың зор мүмкіндіктері бар екенін айтты. Ал ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй аймақаралық байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды:
«Достық пен ынтымақтастық рухы Қазақстан мен Қытайды байланыстырады. Мыңдаған шақырым қашықтықта болсақ та, біз көршіміз. Консулдық әрқашан ортақ бастамаларды қолдауға дайын», – деді ол.

Сапардың басты нәтижесі – бес жыл мерзімге, ұзарту мүмкіндігімен жеті меморандумға қол қойылуы. Құжаттар экономикадан бастап, төтенше жағдайлардың алдын алу, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтиды. Әсіресе білім саласындағы серіктестікке баса назар аударылды. «1+4» бағдарламасы аясында қазақстандық студенттерге толық грант қарастырылған. Қазірдің өзінде Алматы облысының 37 студенті қабылдаушы тараптың есебінен білім алуда.

Тараптар қол жеткізілген келісімдер ұзақ мерзімді әрі кешенді сипатта болатынын растады.
«Алматы облысы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеуетке ие. Бізді өңірдің агроөнеркәсіп пен инфрақұрылымдағы жетістіктері ерекше қызықтырады. Сенімдімін, бірлескен жобаларымыз екі жақтың тұрғындарына нақты пайда әкеледі», – деді У Сяоцзюнь.

Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ендігі басты міндет – қол жеткізілген келісімдерді нақты іске асыру екенін айтты:
«Бүгін біз нақты қадамдардың негізін қаладық. Бұл келісімдер өңіріміздің дамуына серпін беретін нақты тетіктерге айналуы тиіс», – деп қорытындылады ол.