ҚР Президенті барлық деңгейдегі әкімдерге инвестиция тарту жұмыстарын тоқтатпауды, өнеркәсіп орындарын көбейтуді тапсырған еді. Осы мақсатта Қонаев қаласында бірқатар жұмыстар жасалуда.
Бір ғана дерек – облыс орталығы болғалы негізгі капиталға 308,8 млрд.теңге инвестиция тартылған.
Инвестицияның арқасында Қонаевта «Оспанова Девелопмент» балық зауыты іске қосылды. Одан бөлек, үш түрлі өнім шығаратын зауыт жаңғыртылуда. Туристік бағытта қонақ үйлер, демалыс аймақтары салынып жатыр. Яғни, жаңа жұмыс орындары ашылып, қала жылдан-жылға дамуда.
Ресми мәліметке сүйенсек, Қонаев қаласының инвестициялық портфелінде 2024-2030 жылдары жүзеге асатын 39 жоба бар. Оның ішінде 11-і туризмді дамытуға бағытталған. Жобалардың жалпы құны 2,4 трлн.теңгені құрайды. Олар жүзеге асса, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
«Биылдың өзінде «Текемет» мейрамхана-қонақ үй кешені ашылды. Инвестиция сомасы 650 млн.теңге болды. Отбасылық-ойын-сауық кешені «АСП Арена» қолданысқа берілді. Мұнда сахна, арена, бассейндер, картинг аймағы, қонақ үй мен мейрамхана салынды. Тартылған инвестиция көлемі – 10,1 млрд. теңге», - деді қала әкімі Асхат Бердіханов.
Шаһар басшысының сөзінше, жыл соңына дейін 2 зауыт іске қосылады деп жоспарлануда. Олар: «Run Planet» сусын шығаратын зауыты мен май, құрама жем, ұн өндіретін «Қапшағай бидай өнімдері» кәсіпорны.
«Ал 2026 жылы әлеуметтік маңызды нысан – кардиологиялық орталық ашылады. Жобаны жүзеге асыруға 1,5 млрд.теңге қаржы тартылуда. Орталық 48 орынды, заманауи диагностикалық және ота кабинеттерімен жабдықталады. Жалпы Президент тапсырмасын орындау мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасап жатырмыз деп ойлаймыз. Халық игілігіне берілген әр ғимарат қаланың қарыштап дамуына үлкен серпіліс береді», - деді әкім.
Қазіргі таңда Қонаевта тәтті жүгері таяқшаларын шығаратын «АЯМ» зауытының өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында құрылыс жұмыстары жүруде. Бұдан бөлек, бірқатар жобаның сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Енді кәсіпорындар туралы айта кетсек, шаһарда 12 өндіріс ошағы бар. Олар облыс құрылғалы 410,2 млрд.теңгеге өнім шығарған.