Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осыған байланысты Шеңгелдідегі шаруаның еңбегімен таныстық.
Ерік Байғараевтың әкесі осы ауылда 25 жылдан бері еңбек етіп жатыр. Ол бірде жүгері, бірде жоңышқа егіп, егін шаруашылығын мал шаруашылығымен қатар алып жүр.
Ал Еріктің өзі әкесіне 7 жылдан бері қолғабыс етіп келеді. Бауырларымен бірге 70 гектар жерді игеріп, түрлі өнім алуда. Мал азығы да өздерінен. Асыл тұқымды қой бағып, етін қомақты қаржыға айналдыруда.
«Біз тағамдық жүгері өсіреміз. Қонаевтағы тәтті таяқшаларды шығаратын «АЯМ» зауытымен келісімшартқа отырғанбыз. Яғни, өнім шетке кетпейді, өзімізде өсіріліп, өңделіп, нарыққа шығарылады. Қазір күзгі науқан жүріп жатыр. Гектарына 12 тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз», - деді шаруа.
Ерік Байғараев балаларының да осы істі ары қарай жалғастыруын қалайтынын айтты.
«Шеңгелдіде жұмыс істеп жүргендердің көбі орта жастан асқандар. Бұл тірлікті балаларға мұра етіп қалдырып, олар ізімізді жалғастырса екен деген арманымыз бар», - деді ол.
Сондай-ақ шаруа жоспарларымен де бөлісті.
«Алдағы уақытта егістік аумағын 150 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Ол үшін Шеңгелдіде шаруаларға қолайлы жағдай жасалған. Су да кедергісіз берілуде, субсидияны да алып жатырмыз. Биылға өнім өте жақсы шықты. Келер жылы осы көрсеткішті жоғарылатсақ деген ниетіміз бар», – деді Ерік Байғараев.
Адал еңбек етіп, жердің ырысын пайдаланып отырған шаруаның жұмысы – Жұмысшы мамандықтар жылының жарқын үлгісі. Шеңгелдіде өсірілген жүгері бүгінде отандық өнімге айналып, қазақстандық тұтынушыларға ұсынылуда.