Қонаев қаласында Кешенді даму жоспары аясында газдандыру жобасы жүзеге асуда. Ол Арна, Спутник, 19, 20 және Рауан шағынаудандарын қамтиды.
Жобаның тапсырыс берушісі – Алматы облысы әкімдігінің салалық басқармасы. Бүгінге дейін жалпы жұмыстың 20%-дан астамы орындалды: жоба бойынша инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 89 км, соның ішінде 7 км құбыр төселді. Сонымен қатар 7 мыңнан астам тік газ құбыры (стояк) орнатылды.
Құрылыс бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Жобаның жалпы ұзақтығы 14 ай: құрылыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталып, одан кейін іске қосу-реттеу жұмыстары басталады. Абоненттерге көгілдір отынға қосу 2026 жылғы наурызда жоспарланып отыр.
Кейіннен тұрғындарға табиғи газға қосылуға техникалық шарттар (ТШ) беріле бастайды. Қосылу құны шамамен 200–220 мың теңге аясында болады деп күтілуде.
Алдағы жоспар
Кешенді жоспар шеңберінде ауылдар, саяжайлар және жаңа шағынаудандарды газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сондай-ақ көгілдір отынды тұрақты жеткізу үшін автоматтандырылған газ тарату стансасын (АГРС) салу жоспарланған.
Бұл жобалардың жүзеге асуы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтуға және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қонаев қаласы және жақын елдімекендер бойынша 6 618 тұтынушы газға қосылған: оның ішінде 5 699 пәтер, 28 кәсіпорын және 78 шағын коммуналдық нысан бар. Қаланың газбен қамтылу деңгейі 42%-ға жетті.