Қонаевта саяжайлардың дамуына ықпал етеміз – Мәжіліс депутаты

Қонаевта саяжайлардың дамуына ықпал етеміз – Мәжіліс депутаты

Бүгін Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубаев Қонаев қаласындағы №7 саяжайдың тұрғындарымен кездесті.

«Алтын Алма» Тұтынушылар Кооперативінің төрағасы Лина Черказьянова қаладағы екі Қарапайым серіктестіктің (Южная, Сиреневая) жұмысына шағымданды, сондай-ақ ауыз су құбырлары ТҮКШ бөлімінің иелігіне өтіп жатқанына наразылығын білдірді.

Бұл жиынға серіктестіктердің тұрғындары да қатысты. Олар аталған мәселеге байланысты уәждерін айтты:

1. 2022 жылы «Алтын Алма» Тұтынушылар Кооперативінің абоненттері толығымен ауыз судан ажыратылған. Осы сәтте тұрғындар жиналыс өткізіп, Қарапайым серіктестіктерді құруға шешім қабылдаған.

2. Кейіннен халық инженерлік желілерді (су құбырлары, жарық) қала әкімдігінің иелігіне өткізе бастаған. Сәйкесінше, коммуналдық қызметтердің бағасы арзандаған. Ал ТК құрамында болғанда баға бұдан екі есе қымбат еді. Атап айтқанда, ауыз судың текше метрі ТК-да 140 тг болса, тариф бойынша 70 теңгені құрайды.

3. Қарапайым серіктестіктер мен кооператив арасында сот процестері үш жыл қатарынан өтіп, барлығында арызданушы кооперативтің талаптары қанағаттандырылмаған.

Қазіргі таңда екі серіктестікте 230-ға жуық абонент бар. Өз жұмысын дөңгелетіп, әкімдікпен бірлесе бірқатар мәселелерді шешуде. Нақтыласақ, бұған дейін саяжай аумағына көше жарығы жүргізіліп, балалар алаңы салынған, орталық көшелерге асфальт төселген.

Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай мен қала әкімі Асхат Бердіханов қостарапты да тыңдады.

«Бұл мәселелер бірнеше жыл бойы жинақталған, кезеңімен орындалады. Қазірдің өзінде саяжайға газ тарту, сүзгі станциясын салу, ауыз су желілерін жаңғырту секілді жобалардың құжаттары әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастырамыз», - деді шаһар басшысы.

Ал депутат саяжайлардың дамуына ықпал етуге ниетті екенін жеткізді.

«Халыққа қажеті – инфрақұрылымның дамуы, жарықтың, судың үздіксіз берілуі, жаңа жол салынуы. Бүгін көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал етуге дайынбыз. Сондай-ақ айта кетерлігі, қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізіліп жатыр екен. Онда саяжайлар қала құрамына еніп тұр. Ал кейбір серіктестіктер немесе кооперативтер шаһар құрамына кіремін, не кірмеймін десе, ол – заңды құқықтары», - деді Наурыз Сайлаубай.

Бұдан бөлек, ол саяжайлардың дамуы бойынша жаңа заң Мәжілісте қаралып жатқанын атап өтті. Оған түзетулер енгізу немесе ұсыныстарды қосу бойынша халықтан өтінімдер қабылдануда.