Бүгін Қонаев қаласына іссапармен Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай келді.
Ол іссапары аясында №6 жағажайды абаттандыру мәселесі жайында кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға қала әкімі Асхат Бердіханов, сондай-ақ тиісті сала мамандары қатысты.
Бұл жағажайды 42 кәсіпкер бірнеше жылдан бері жалға алып келеді. Жыл сайын келісімшарт үш айлық мерзімге жасалады.
Кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдын Әбілқасым соңғы үшжылдық статистика мағлұматтарын атап өтті.
Полиция басқармасы деректері бойынша:
Аталған кезеңде ұрлықтың 34 фактісі анықталды. Оның 25-і ашылып, күдіктілер жауапқа тартылды, ал 9-ының тергеуі жалғасуда.
Сонымен қатар бұзақылықтың 18 дерегі тіркелген. ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша 3 факті анықталып, кінәлілер жауапкершілікке тартылды.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар да аз емес. 200-ден астам факті бойынша шара қолданылды. Оның ішінде:
* ҚР ӘҚБтК 434-2-бабы — ортақ пайдаланылатын орындарды ластау бойынша 83 дерек;
* ҚР ӘҚБтК 440-бабы — алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу бойынша 107 дерек;
* ҚР ӘҚБтК 200-бабы — алкоголь өнімін заңсыз сату бойынша 2 дерек.
Төтенше жағдайлар басқармасы бойынша:
* ҚР ӘҚБтК 412-бабы бойынша – 91 хаттама, 1 270 542 тг айыппұл;
* ҚР ӘҚБтК 582-бабы бойынша – 65 хаттама, 837 516 тг айыппұл.
Мемлекеттік кірістер басқармасы бойынша барлығы 18 факт:
* ҚР ӘҚБтК 284-бабы бойынша (Бақылау-кассалық машиналарды қолдану тәртiбiн бұзу) – 17 факт, ескерту берілді.
* ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды)жүзеге асыру) – 1 факт, айыппұл мөлшері – 58 980 теңге.
Кәсіпкерлер тарапынан мемлекеттік бюджетке салық негізінде 2023 жылы 1 681 529 теңге, 2024 жылы 5 379 015 теңге түсті.
Айдын Әбілқасымның баяндамасынан кейін кәсіпкерлер тыңдалды. Олар бұл жағажайда ары қарай да жұмыс жасауға, сонымен қатар ұзақ мерзімге келісімшартқа отыруға ниетті екендерін жеткізді.
Өз кезегінде қала әкімі бұл сұрақтың нақты шешімін айтты.
«Қазір заман талабы, демалушылар мен туристердің көзқарасы өзгерді. №5 жағажайды абаттандырып едік, адамдар ағылып келе бастады. Енді қалған 7 коммуналдық жағажайларды абаттандыру көзделуде. Бұл арқылы туристік тартымдылықты арттырамыз. Сәйкесінше, қала бюджетіне түсетін төлемдер де артады, қызмет көрсету сапасы жоғарылайды», – деді шаһар басшысы.
Асхат Бердіхановтың сөзінше, №6 жағажайды бюджет қаражатына абаттандыру көзделуде. Жоба дайын, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
«Жоғарыда аталған кемшіліктерге қарамастан, 42 кәсіпкермен заң аясында келісімшартты ұзақ мерзімге жасау мәселесі қарастырылады. Алайда, алдымен құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды толығымен жаңартуымыз қажет. Жалпы жағажайларды жалға алушылар, кәсіпкерлер қоғам алдындағы, заң алдындағы жауапкершіліктерін әрдайым есте ұстаулары қажет», – деді Асхат Бердіханов.
Ал Мәжіліс депутаты туризмді дамыту алдағы мақсаттардың бірі екенін жеткізді.
«Қаланың көркеюі – еліміздің көркеюі. Мәселе толығымен тыңдалды. Оң шешім қабылдануына ықпал етеміз», – деді ол.
Содан кейін депутат Наурыз Сайлаубай №6 жағажайды аралап көрді.