Қонаев қаласындағы Абай көшесін бірнеше жылдан бері заңсыз сауда орындары жайлаған.
Тұрғындардың тарапынан антисанитариялық жағдайға, жаяу жүруге, көлік қатынасына кедергілер көп болуына шағымдар көптеп түсті. Сондай-ақ мұнда саудагерлердің заңбұзушылық жасау деректері де тіркелді. Полиция басқармасы қызметкерлері оларға айыппұл салғанымен, мәселе түбегейлі шешілген жоқ.
Сондықтан шаһар басшысы Асхат Бердіханов пен сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандары инвестормен келіссөздер жүргізді.
Қала әкімі тұрғындармен кездесу барысында аталған мәселе жайында сөз қозғады.
«Инвестор өз қаражатына сквер салып жатыр. Құрылыс жұмыстары басталды. Қала тұрғындары демалатын, қыдыратын тағы бір аймақ пайда болады. Мұнда спорт, балалар алаңы салынып, шағын сәулеттік нысандар қойылады. Қолайлы орта құру бағытындағы жұмысымыздың бірі - осы», – деді Асхат Бердіханов.
Бұл инвестор Комсомольская көшесі мен теміржол вокзалы аумағында да сквер салуы мүмкін. Әзірше, жоба қаралу үстінде.
Айта кетейік, кездесуде тұрғындар көше жарығын орнату, кәріз жүйесін тарту, балалар алаңдарының сапасы туралы сұрақтарды көтерді. Қала әкімі мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.