Жартыжылдық қорытынды: Қонаевта 86 жаңа тұрғын үй бой көтеруде

Жартыжылдық қорытынды: Қонаевта 86 жаңа тұрғын үй бой көтеруде


Қонаев қаласында құрылыс қарқыны артып, шаһардың ажары ай сайын көркейіп келеді. Бүгінде бұрын бос жатқан жерлердің орнына заманауи тұрғын үйлер мен ыңғайлы кешендер бой көтеруде.

Д. Қонаев көшесінде «MDI Construction» компаниясы «Маяк» тұрғын үй кешенін салып жатыр. Жеті төрт қабатты блоктан тұратын кешенде тұрғындарға арналған кафе, дүкен және спорт залы қарастырылған. Мұнда 216 пәтер бой көтермек.

19-шағынауданда «Хаммер Бау Девелопмент» компаниясы «Атамекен» кешенін тұрғызуда. Үш тоғыз қабатты үй 2025 жылдың соңына дейін толық дайын болады.

Ең ауқымды жобалардың бірі – «Али-Нұр транс» компаниясының «NNS City» тұрғын үй кешені. Бұл жерде 21 бес қабатты үй салынып, шамамен 600 пәтер пайдалануға беріледі. Алғашқы үйлер 2025 жылдың қарашасында тапсырылмақ.

Қала орталығында «Retail Construction» компаниясы 50 пәтерлік бес қабатты үй тұрғызуда. Нысан 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.

«R&M Construction» компаниясының «Аристократ» кешені – 25 тұрғын үйден тұратын ауқымды жоба. Бірнеше үйі қазірдің өзінде қолданысқа берілген, жоба толығымен 2027 жылы аяқталады.

«GS QURYLYS» компаниясы «Comfort» тұрғын үй кешенін салып жатыр. Сауда орындары мен автотұрағы бар төрт үй 2026 жылдың алғашқы тоқсанында қолданысқа беріледі.

Ал 10-шағынауданда «Chinese Foreign Construction Company» компаниясы «Феникс» кешенінің құрылысын бастады. Алғашқы кезек 2026 жылы аяқталады.

Жаңа тұрғын үйлер – бұл тек шаршы метрлер ғана емес. Бұл – кең аулалар, балалардың ойын алаңдары, үй жанындағы дүкендер мен демалыс орындары. Қала дамып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда.

Айта кетейік, алғашқы жартыжылдықта Қонаевта 14,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65,2%-ды құрайды. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі – 8 млрд теңге.