Қонаевта демалушылар мен тұрғындар үшін жайлы демалыс орындарын құрып, жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Бүгін соның ең маңыздысы – тазалық жайлы айтатын боламыз.
«Жасыл қала Қонаев» ШЖҚ МКК мамандарының сөзінше, 6-7 жағажайларды тазалауға күнделікті 10-нан астам қызметкер, кемінде 3 техника жұмылдырылады.
«Қоқыс жинау, сыпыру, арықтарды тазалау, жәшіктерді босату секілді жұмыстар таңғы сағат 05.00-ден басталып, кешкі 20.00, кейде 19.00-ге дейін жалғасады. Жұмыс күндері 8 тонна, демалыс күндері 15 тоннадай қоқыс шығарылады. 10 үлкен контейнер, 60 бөшке қойылған. Сондай-ақ жағажайда қоқыс жәшіктері де орналастырылған», - деп жазды мекеме өкілдері.
Ал №5 жағажайда көгалдандыру, сыпыру, қоқыс жинау секілді жұмыспен күнделікті 15 адам айналысады. Жағажайда 30-дан астам контейнер, бөшке бар. Су қоймасын жағалай қоқыс жәшіктері де орналасқан. Бұл жерден күнделікті 4-5 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады, демалыс күндері қоқыс тіптен көп болады.
Мамандар демалушылар мен тұрғындарды қоқысты арнайы орындарға тастап, тазалық сақтауға шақырады.