Қонаев қаласында Қойшыманов көшесінде жаңа қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары басталды. Жалпы аумағы 6527 м² болатын сквер қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналмақ.
Жоба аясында газон төсеу, автоматты суару жүйесін орнату, сәндік ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызу, орындықтар, әткеншектер мен ландшафттық элементтерді орналастыру көзделген. Кеңістік экологиялық, функционалдық және эстетикалық талаптарға сай жасақталады.
Мұндағы басты нысан – «Өмір ағашы» атты арт-нысан болмақ. Ол Алтын Адам киім үлгілерінің элементтері бейнеленген тас құрылым түрінде орындалады. Қасында осы бейнелердің тарихи маңызын баяндайтын QR-код орнатылады.
Сквер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді болады. Мұнда жаяу жүргінші жолдары, фотоаймақтар, қоршау мен аркалық құрылымдар қарастырылған. Автормен әзірленген тұжырымдамаға сәйкес, бұл жаңа кеңістік жай ғана демалыс орны емес, отбасылық серуен мен мәдени демалыстың мекеніне айналмақ.