Гүлдер тек әдемілік үшін емес, олар көңіл қуантады – «Таза аула» конкурсының жеңімпазы
Қонаевта «Таза аула» конкурсының 1-кезеңі өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар осыдан бірнеше күн бұрын марапатталған болатын. Енді халықтың назарына олармен сұқбатты ұсынбақпыз.
Ольга Попова 3 шағынаудан 28Б үйінде тұрады. Конкурс жайлы әлеуметтік желіні ақтарып отырып, кездейсоқ білген.
«1-орын иеленемін деп ойламадым. Бұл тұрғын үйдің ауласына бірнеше жылдан бері сәндік гүлдер егіп жүрмін. Өзім зейнеткермін, зейнет жасына дейін бас есепші қызметінде болдым. Кейіннен пәтер ішінде гүлдер өсіре бастадым. Содан бір күні ауланы безендіру туралы ой келді. Осылайша, қара топырақ, керек-жарақ, тұқымдарды алып, еге бастадым», ˗ деді тұрғын.
Ол көпжылдық өсімдіктерді де отырғызғанын атап өтті.
«Гүлдер тек әдемілік бермейді, олар көңіл қуантады, сүйсіндіреді. Менің бақшам халыққа мейірімділік сыйласа екен деймін. Айналаның керемет көрініске ие болып тұрғаны бәрімізге де жақсы емес пе?! Қонаев қаласы – ортақ үйіміз. Сондықтан барша жұртты табиғатты аялауға, үйлердің жан-жағын көгалдандыруға шақырамын», ˗ деді Ольга Попова.
Ал 2-орынды иеленген Абдували ағамыз конкурсқа келіні қатыстырғанын айтты.
«Жасымда агроном боп қызмет еттім. Өсімдіктермен қалай жұмыс істеу керек екенін жақсы білемін. Осыдан 10 жыл бұрын аулаға алғаш рет гүлдер отырғыздым, содан соң көршілер қызығып, түгелдей көгалдандырумен айналысатын болдық. Жасыл желектерді балконда өсірем, көктемде көршілерге таратып, егеміз. Күтім жағынан оларға көмектесемін. Біржылдық, көпжылдық өсімдіктерді өсіреміз. Келінім еңбегімді бағалап, конкурсқа қатысуды ұсынды. Сөйтіп, 2-ші орынды иелендім», - деді Абдували Асылбеков.
3-орынды Лилия Петрушина иеленген болатын. Тұрғындар тек бір адам емес, ауланы барлығы жиналып көгалдандырғанын, ал марапатқа өте қуанышты болғандарын тілге тиек етті.
Айта кетейік, жарыстың 1-кезеңі 15-30 мамыр аралығында өтті. Қазіргі таңда 2-кезеңге өтінімдер қабылдануда. Бұл конкурсты Қонаев қаласының әкімдігі тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырып отыр. Байланыс нөмірі: +7 701 719 6240