Шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсету қажет – Асхат Бердіханов

Шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсету қажет – Асхат Бердіханов

Шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсету қажет – Асхат Бердіханов

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелдіде орналасқан бірнеше шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

Оның алғашқысы - «Smart Adam Agro» ЖШС. Бұл серіктестік жалпы ауданы 900 гектар аумақты игермек ниетте. Қазір егістікте жоңышқа, қызанақ егілген. Компания 7 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Жаңбырлатып суару жүйесін де қолданысқа енгізген. Жалғыз мәселе – электр энергиясын пайдалану үшін құжаттарды рәсімдеу. Бұл жөнінде әкім желілердің қай мекемеге тиесілі екенін анықтап, қолдау көрсетуді тапсырды.

Одан кейін шаһар басшысы түрлі жеміс-жидек өсірумен айналысатын «Болашақ» шаруа қожалығына барды. Қожалық аумағы 20 га жерге тамшылатып суару жүйесін енгізді. Атап айтқанда: 10 га жерге қарақат, 6 га бақша дақылдары, 4 га жерге көкөністер егілді. 2026-2027 жылдары қарақаттың егу алаңын 30 га ұлғайту жоспарлануда. Алдағы уақытта қарақатты өңдеп, джем мен тосап өндіруге арналған шағын цехты іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар шаруа қожалық басшылығы агротуризмді дамытуды жоспарлауда.

«Шаруаларды мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктерін пайдаланған дұрыс. Қожалыққа қосымша жер телімін беруді қарастыру қажет. Жақын арада аукцион жарияланса, хабар беріп, байланысты үзбеу керек. Ауыл дамыса, еліміздің де дамығаны», - деді Асхат Бердіханов.

Ал «Марьям» ШҚ болса, аумағы 230 га жерге тамшылатып суару жүйесін енгізді. Егістікте бақша дақылдары, жүгері, жуа егілген. Су үнемдеу технологиясын енгізу мақсатында сомасы 70 млн.теңгеге сыйымдылығы 7000 текше метрлік су жинау бассейні мен сорғылар орнатылды. 2026-2027 жылдары егілетін көкөніс аумағын 100,0 га ұлғайту жоспарлануда. Компания басшылығы «Кең Дала» бағдарламасы аясында сомасы 40 млн.теңгеге құжаттар тапсырды.

Айта кетейік, биыл Шеңгелдіде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 8 150,6 гектарды құрады.