Ұлы Жеңіс құтты болсын!

Ұлы Жеңіс құтты болсын!

Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары!

 Бүгін біз  - Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығын атап өтіп, тарихтың тағылымды, қасиетті бір белесіне тағы бір мәрте көз жүгіртіп тұрмыз.

Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн - тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды, әрі қайғымен, қуанышпен араласқан тарихи кезеңнің белгісі. 80 жыл бұрын қардай бораған оқ пен жалындаған оттың арасында, сан мыңдаған батырларымыз жанқиярлықпен Отан үшін қасық қандары қалғанша шайқасты.

Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Қанды майданда батырларымыз, тек өздеріңің өмірі үшін емес, ұрпақтардың болашағы үшін күресіп, өмір мен өлім арасындағы таңдауды жанқиярлықпен жасады. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті. 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды.

Сұрапыл соғыс жылдары қазақстандық сарбаздар майданның алдыңғы шебінде, ең қанқұйлы шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 1945 жылы 30 сәуірде қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тікті.

Қазіргі күні Алматы облысында бейбіт күн үшін арпалысқан 5 ардагерлеріміз бен 2027 тыл ардагері бар. Бұл кісілер – отты жылдардың куәгері, ерен еңбектің үлгісі. Тыл еңбеккерлеріде соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытты. Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Елімізге жүздеген кәсіпорын көшірілді, көптеген жаңа өндіріс салынды. Олар өте қысқа мерзім ішінде майданға қажет өнімдер шығара бастады. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды.

Бүгінгі күні біз осы ұлы мерекені бірге атап өтіп, ардагерлерімізге, соғыс жылдарының қасіретін өз жандарынан өткерген барша жанға шексіз алғысымызды білдіреміз.

Майдан даласында шайқасқан бабаларымыздың есімі мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды.

Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, бейбіт өмір, ашық аспан мен амандық тілеймін.

 

Ізгі ниетпен,

Алматы облыстық мәслихат төрағасы                                      Қ. Байғоджаев