Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбында өткізілді. Бұл шара елдегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуда маңызды кезең болып саналады. Сессияның негізгі мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихында жеткен жетістіктерін, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау бағытындағы рөлін талқылау, еліміздің бірлігін нығайту бойынша жаңа бастамалар мен жоспарларды ұсыну.
Сессияға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, сондай-ақ ғылыми және шығармашылық зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты. Сонымен қатар, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық» депутаттық тобының жетекшісі Сұлтан Нұрдаулетов және оның мүшелері Сергей Горяной, Виталий Гринченко, Абдуманап Илахунов, Меруерт Молдашева, Гүлжан Тусибиянова, Ушуров Билалдин сессияға қатысты.
Сессия барысында тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси тұрақтылықты, этносаралық татулықты сақтау мен дамытудағы жетістіктері мен тәжірибелері талқыланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін нығайтудағы рөлі ерекше назарға алынды. Ассамблеяның бастамалары бойынша іске асырылған әлеуметтік, мәдени, білім беру және қоғамдық жобалар сессияда атап өтіліп, олардың этносаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызы жоғары екендігі аталды.