
Алматы облыстық мәслихатының LII сессесінде йод тапшылығының алдын алу, ұсталған көлік құралдарын эвакуациялау және сақтау қағидаларын бекіту, сондай-ақ «Алматы облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағын беру тәртібін жаңарту мәселелері қаралды. Отырысқа облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев төрағалық етіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов қатысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жүнісованың айтуынша, өңірде табиғи йод тапшылығы сақталғанымен, көпжылдық профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде осыған байланысты аурулардың саны біртіндеп азайып келеді. Қазіргі басты міндет – профилактикалық шараларды жалғастырып, халық арасында дұрыс тамақтанудың маңызын кеңінен түсіндіру.
Сессия барысында ұсталған көлік құралдары мен шағын көлемді кемелерді жеткізу, есепке алу және уақытша сақтау қағидалары да бекітілді. Депутаттар көліктерді сақтау жағдайы, тарифтер және көлік иелерінің шығындары мәселелерін талқылап, жаңа тәртіп азаматтардың құқықтары мен заң талаптарын қатар қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар «Алматы облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағын беру тәртібі жаңартылды. Енді кандидаттарды өзін-өзі ұсыну алынып тасталып, атақ беру талаптары мен марапаттау рәсімі нақтыланды. Атақ екі жылда бір рет, ал облыстың мерейтойлық жылдары қосымша үміткерлерге беріледі.