
Түркістан төрінде «Turkistan – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты ауқымды конференция өтті.
Аталған басқосуға Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Сұлтанұлы Байғоджаев қатысты.
Маңызды жиынға еліміздің барлық өңірлерінен мәслихат төрағалары мен депутаттар арнайы келіп, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен дәріптеу, киелі шаһардың тарихи-мәдени келбетін сақтау және ішкі туризмді жаңа деңгейге көтеру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Конференция барысында Түркістанның туристік әлеуетін арттыру, заманауи инфрақұрылымды дамыту, тарихи нысандарды жаңғырту және өңіраралық ынтымақтастықты күшейту жөнінде мазмұнды баяндамалар жасалды. Сонымен қатар, қатысушылар рухани астананың халықаралық деңгейдегі беделін арттыру мен отандық туризмді дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын аясында Түркістанның тек тарихи қала ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығы ретіндегі маңызы ерекше атап өтілді. Спикерлердің айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттау – ұлттық құндылықтарды ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға да ықпал етеді. Осы ретте мәдени-рухани туризмді дамыту арқылы аймақ экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де назардан тыс қалмады.
Конференция қатысушылары Түркістан өңіріндегі тарихи орындарды цифрландыру, туристерге қолайлы сервистік қызметтерді көбейту, халықаралық туристік бағыттарды кеңейту және өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту бойынша бірқатар бастамаларды ұсынды. Сондай-ақ, ішкі туризмді дамытуда жол инфрақұрылымын жақсарту, қонақүй қызметінің сапасын арттыру және ұлттық мәдениетті дәріптейтін іс-шараларды тұрақты өткізу қажеттігі айтылды.
Басқосу қорытындысында қатысушылар Түркістанның туристік әрі рухани әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастыруға дайын екендіктерін білдіріп, қабылданған ұсыныстар өңірлердегі туризм саласының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.