Тұрақты комиссия отырысында Қонаев қаласында кәріз тазарту құрылыстарын салу жобасына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды

Тұрақты комиссия отырысында Қонаев қаласында кәріз тазарту құрылыстарын салу жобасына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды

Алматы облыстық мәслихатының Экономика, бюджет, құқық тәртібі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және депутаттық әдеп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Қонаев қаласында кәріз тазарту құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясындағы мемлекеттік міндеттемелерге өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды.

Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының айтуынша:

- Қонаев қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру жұмыстарын жүргізуде.

Жоба қаланың инженерлік-коммуналдық жүйелерін жаңғыртуға, экологиялық ахуалды жақсартуға және Қонаев қаласының ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жобаны іске асыру барысында қаланың 2050 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес нысанның орналасу орны қайта қаралып, жаңа құрылыс алаңы белгіленді.

Осы өзгерістерге байланысты жобалық құжаттама толықтай жаңартылып, қосымша инженерлік желілер мен инфрақұрылым объектілерін салу қажеттілігі туындады. Нәтижесінде жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алды.

Жоба аясында заманауи кәріздік тазарту құрылыстарын, кәріз коллекторларын, сорғы станцияларын, сондай-ақ электрмен жабдықтау, газ және байланыс желілерін салу көзделген. Сонымен қатар тазартылған суға арналған жинақтаушы тоғандар қарастырылған.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында дайындық және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде, арнайы техника мен жұмыс күші жұмылдырылған. Инженерлік желілерге қажетті материалдар жеткізіліп, алғашқы жер қазу жұмыстары басталды.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Қонаев қаласының кәріз жүйесінің өткізу қабілеті артып, қоршаған ортаға түсетін жүктеме азаяды және қаланың одан әрі дамуына қажетті заманауи инженерлік инфрақұрылым қалыптасады.