Сенат Төрағасы еліміздің мәслихат депутаттарымен бірге жаңа Конституцияның ережелерін талқылады

Сенат Төрағасы еліміздің мәслихат депутаттарымен бірге жаңа Конституцияның ережелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты ғимаратында Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің жетекшілігімен Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысына бейнебайланыс арқылы Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев, облыстық мәслихат депутаттары және тұрақты комиссия төрағалары Дәулет Жарасбаев пен Болатжан Нұрбеков қатысты.

«Жаңа Конституция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі» атты басқосу барысында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін күшейту бағытында қолға алынған конституциялық реформалардың мәні мен маңызы кеңінен талқыланды.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев конституциялық жаңғырудың ел дамуы үшін айрықша кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Ата Заң жобасы Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын жүзеге асыруға жол ашып, саяси жүйені демократияландыру мен жаңғыртудың нақты құқықтық негізін қалыптастырады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан ауқымды реформалар жүйелі сипатқа ие екені айтылды. Қазіргі конституциялық өзгерістер – сол кешенді жұмыстың заңды жалғасы. 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтетіні, бұл қадам елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы тарихи белес екені ерекше аталып өтті. Ата Заң мемлекеттілікті нығайтуға, Тәуелсіздікті бекемдеуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны да назарға алынды.

Сенат Төрағасы жаңа Конституцияның преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындалғанын жеткізді. Бұдан бөлек, адам капиталын дамыту, білім мен ғылымды ілгерілету, инновацияны қолдау мәселелері негізгі басымдықтардың бірі екені сөз болды.

Жиында конституциялық реформа – саяси жүйенің эволюциялық дамуының нәтижесі әрі сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен еңбегінің жемісі екені айтылды. Жаңа Конституция ұлттық мүддеге сай келетін, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін маңызды құжат ретінде бағаланды.

Сондай-ақ, Әділетті Қазақстанның конституциялық моделін қалыптастыру аясында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру көзделіп отырғаны айтылды. Билік тармақтарының тиімді өзара іс-қимылына негізделген басқару тетіктері айқындалып, Құрылтайдың өкілдік рөлі күшейтіледі. Бұған қоса, өңірлер мен түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган – Халық кеңесін құру жоспарланып отыр. Мемлекеттік билік органдарының мәртебесі мен құзыреті де нақты белгіленбек.

Кеңес отырысында қатысушылар саяси жүйені трансформациялау мәселелерін, жаңа институттардың қалыптасуы мен қызмет ету тетіктерін талқылады. Конституциялық реформа Парламент пен мәслихат депутаттарының, қоғам қайраткерлері мен сарапшылардың, белсенді азаматтардың қатысуымен жүргізілген кешенді әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі екені атап өтілді.