Жерді мемлекет меншігіне қайтару – басты міндет

Жерді мемлекет меншігіне қайтару – басты міндет

Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бағытта жүргізілген кешенді шаралар нәтижесінде соңғы үш жылда 367,8 мың гектардан астам жер қайтадан халық игілігіне берілді.

БАҚ-та жиі талқыланған, Қапшағай су қоймасы жағалауында орналасқан жалпы ауданы 7 788 гектарды құрайтын 82 жер телімі арнайы тексеруден өтті. Оның ішінде:
• 60 учаске – жекеменшік иелікте, 21 – жалға берілген, 1 – тұрақты жер пайдалану құқығында;
• 36 учаске мақсатты түрде пайдаланылып жатыр (құрылыстар салынған, мал шаруашылығы жүргізіледі);
• 9 учаске бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті (ЖРБД) жұмыс жүргізуде;
• 22 учаске бойынша материалдар жолданған;
• 8 учаскеге нұсқама берілген;
• 2 учаске сотта қаралуда;
• 4 учаске бойынша сотқа жіберу үшін материалдар дайындалуда;
• 1 учаске мемлекет меншігіне қайтарылды.

Аталған учаскелердің басым бөлігі 2000-жылдары, яғни ҚР Су кодексі күшіне енбей тұрып берілген. Қазіргі таңда олардың берілу заңдылығы да тексерілуде.

Қонаев қаласында да пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, мемлекетке қайтару ісі қарқынды жүріп жатыр. 2023–2025 жылдары жалпы ауданы 11 мың гектар болатын 115 жер телімі бойынша материалдар ЖРБД-ға жолданған. Оның 50-іне нұсқама берілсе, қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда.

Бұл көрсеткіштер – облыста жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана.

Облыс әкімінің тапсырмасымен барлық аудан мен қала аумағында жерлерді тиімді пайдалану мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мониторинг нәтижесінде анықталған пайдаланылмай жатқан учаскелер уәкілетті органдарға жолданып, заң аясында қажетті шаралар қабылданады.

2023–2025 жылдары ауыл шаруашылығы және коммерциялық мақсаттағы жалпы ауданы 165,3 мың гектарды құрайтын 826 жер телімі бойынша материалдар жолданды. Тексеру нәтижесінде 541 учаскеден заң бұзушылық белгілері анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.

Соңғы үш жылда мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемі – 1135 учаске, оның ішінде Қонаев қаласында – 20 мың гектардан астам. Қайтарылған 942 учаске (100 мың гектар) қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.

Бұл жұмыс тек ауыл шаруашылығы жерлерін ғана емес, инвестициялық әлеуеті жоғары учаскелерді, соның ішінде Қапшағай су қоймасы жағалауындағы аймақтарды да қамтиды. Жердің тиімді айналымға түсуі инвесторларды тартуға, ауылдық аумақтарды дамытуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашады.