Қаскелеңде жастарға қызмет көрсету орталығы салынуда

Қаскелеңде жастарға қызмет көрсету орталығы салынуда

Ағымдағы жылы аудан орталығы Қаскелең қаласында жастарға қызмет көрсету орталығы пайда болады. Қазіргі сәтте аталған мекеменің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, орталыққа қажет ғимараттың құрылысы 2023 жылы басталған. Алайда қаражаттың жетіспеушілігі мен бірқатар белгілі себептерге байланысты 2024 жылдың сәуір айында тоқтап қалған еді. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып, арада бір жыл өтіп, құрылыс барысы қайта жанданды.
Қарасай ауданының құрылыс бөлімінің тапсырмасымен салынып жатқан жаңа нысан жертөлені қосқанда үш қабаттан тұрады. «Азамат құрылыс» ЖШС-нің қызметкері, учаске бастығы Амангелді Айтуғановтың айтуынша, қазіргі уақытта құрылысшылар бірінші қабаттың ішкі қабырғаларының қалау жұмыстарын толығымен аяқтап, екінші қабатқа көшкен. Оны бітірген соң, шатыры жабылып, ішкі электр жүйелері жүргізіледі. Ғимарат салынып болғаннан кейін айналасы абаттандырылып, заманауи 3D қоршаулар орнатылады.
Бүгінде құрылыс қарқыны жаман емес. Нысанды ағымдағы жылдың қараша айында толығымен аяқтап, қолданысқа беру жоспарланған.