Қарасай ауданында үш ауысымды мектептердің саны екі жылда алты есе қысқарды

Қарасай ауданында үш ауысымды мектептердің саны екі жылда алты есе қысқарды

Қарасай ауданында үш ауысымды мектептердің саны екі жылда алты есе қысқарды

«Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда үш жаңа білім нысанының құрылысы жүріп жатыр

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы Қарасай ауданындағы мектеп құрылысымен танысты. Комиссия мүшелері Бұлақты және Алмалыбақ ауылдарында салынып жатқан жаңа білім ошақтарының құрылыс барысын тексерді.

«Қарасай ауданында үш ауысымды білім беру мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Екі жыл бұрын мұнда 12 мектеп үш ауысымда жұмыс істесе, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш алты есе қысқарып, тек 2 мектепте ғана үш ауысымды оқу сақталған», – деді комиссия төрағасы Амангелді Сембаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ауданда үш жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі – Бұлақты ауылында бой көтеріп жатқан 900 орындық мектеп. Нысан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Жобаның жалпы құны – 9,8 млрд теңге. Құрылыс 2025 жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда жұмыс көлемінің 90 пайызы орындалған.

Сондай-ақ Алмалыбақ ауылындағы 1500 орындық мектептің құрылыс қарқыны да жоғары. Нысан 2025 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарын «Exclusive Construction» ЖШС жүргізуде. Қазіргі орындалу көрсеткіші – 54 пайыз.

«Бүгін Бұлақты мен Алмалыбақ ауылдарындағы мектеп құрылыстарын қарап шықтық. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мердігерлерге басты талап – сапа. Партиялық бақылаудың мақсаты – әр жобаның уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Кубентаев.

Бұдан бөлек, «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде 2000 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Аталған үш мектеп іске қосылғанда, аудан бойынша үш ауысымды оқытудың түйткілі толық шешіледі деп күтілуде.

Айта кетейік, өткен жылы Қарасай ауданында 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның алтауы – «Жайлы мектеп» жобасы негізінде салынған нысандар. Нақтырақ айтқанда, бұл мектептер Қаскелең қаласында, Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында бой көтерді.

Партиялық бақылау комиссиясы құрылыс сапасы мен мерзімдік кестені ұдайы бақылауда ұстайтынын атап өтті.