Аудандағы су деңгейі қалыпты

Аудандағы су деңгейі қалыпты

Соңғы жағдайларға байланысты еліміздегі барлық аймақтарда алдын-алу шаралары жүргізіліп, су көлемінің қалыптылығы бақылауға алынды. Осы күндері жауын-шашынның жиелеп кеткеніне қарамастан бүгінде Қарасай ауданындағы жағдай қалыпты, Нақтырақ айқанда, ауданымыздағы «Үшқоңырирригация» КММ-нің басшысы Нұрдос Нағашбековтың айтуынша, ауданымызда бүгінде ірі су көздері болып Қаскелең, Шамалған, Ақсай, Қырғауылды өзендері саналады. Аталмыш өзендердің бойында «Үшқоңырирригация» мекемесіне тиісті жеті су қойма бар, олардың барлығы транзитті режимде жұмыс істеп тұр. Жиналған су уақытылы шығарылып отырады. Су қоймалардың өзіне келетін болсақ, «Үшқоңырирригация» мекемесіне тиесілі жеті қойманың үшеуі 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен. Ал қалған төртеуі біраз уақыт күрделі жөндеуден өтпегендіктен, оларды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге тиісті өтінім берілді. Жобалау-сметалық құжаттамасына ақша бөлінген, енді тек мемлекеттік сараптаманың қорытындысы күтілуде. Жоспар бойынша 2024-2025 жылдарда күрделі жөндеуден өтуі тиіс.

«Казселденқорғау» мекемесі өкілінің мәлімдеуінше, Қаскелең, Шамалған, Ақсай, Қырғауылды өзендеріндегі жалпы судың ағыны секундына 14 текше метрді құрап отыр. Бүгінде мекеме тарапынан осы өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне мониторинг жасалып отырады. Егерде бір қауіп байқалса, онда аудан және округ әкімдіктеріне ескерту жасалады.

Жалпы аудандағы мамандардың сөзіне сүйенсек, бүгінде аудандағы жағдай қалыпты, су тасқыны орын алуы мүмкін деген қауіп жоқ. Аудандағы су қоймалар мен өзендер тұрақты бақылауда. Бұған қоса аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тарапынан қыс мезгілі тәмамдалып, көктем жақындаған кездері округтерде су тасқынын алдын алу бағыттындағы барлық қажетті жұмыстар атқарылған.