Жазғы шомылу маусымының қызуына байланысты еліміздің түрлі өңірлерінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша профилактикалық шаралар жүргізілуде. Бұл жұмыстарға ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де жұмылдырылған.
Рейд барысында жағалау аймақтарына барып, демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ерекше назар кәмелетке толмаған балалар мен ересектердің қарауынсыз жүрген жастарға бағытталған.
Мұндай рейдтердің негізгі мақсаты – судағы жазатайым жағдайлардың алдын алу және адамдарға қарапайым қауіпсіздік қағидаларын еске салу. Балаларға бақылау қажет, белгіленбеген және ағысы қатты жерлерде шомылуға болмайды. Сондай-ақ мас күйінде суға түсудің және тыйым салынған орындарда шомылудың қауіпті екені ескертіледі.
Әскери қызметшілер өз тәжірибесінде мұндай жағдайлармен жиі ұшырасады. Мысалы, 27 маусым күні Қызылордада сержант Мұрат Түсекеев пен кіші сержант Жамбыл Таңсықбай Сырдария өзеніне батып бара жатқан адамды құтқарып қалды. Ал жуырда Өскеменде ефрейтор Пермабек Жанасбек Үлбі өзенінен қызды аман алып шыққаны үшін «Ізгі жүрек» марапатына ие болды.
Жалпы алғанда, жаз мезгілінде судағы қауіпсіздікке ерекше мән беру қажет. Бұл – әр адамның өз жауапкершілігі.