Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Алатау қаласына жасаған жұмыс сапары барысында заңсыз құрылыс фактілері анықталып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Заречный шағынауданында өткен көшпелі кеңес барысында «LH AL» ЖШС-ға тиесілі құрылыс нысанында рұқсат құжаттарынсыз жер қазу жұмыстары жүргізілгені белгілі болды. Тексеру нәтижесінде компанияның Қазақстан Республикасының құрылыс заңнамаларын сақтамай жұмыс жүргізіп жатқаны анықталған.
Облыс әкімі заңбұзушылықтарды қатаң сынға алып, тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
– Біз ретсіз құрылысқа және жер мен экологияға немқұрайлы қарауға жол бермейміз. Барлық жұмыстар заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Осыған байланысты әкім бірқатар мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына «LH AL» ЖШС нысанындағы барлық құрылыс жұмыстарын тиісті жобалық және рұқсат құжаттары толық реттелгенге дейін тоқтату тапсырылды. Алатау қаласының әкімдігіне уәкілетті органдармен бірлесе отырып, ұңғыманың өздігінен ағуын жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу міндеттелді.
Сонымен қатар, «БАБИ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ұңғыманың ағуын жою процесіне тұрақты бақылау орнату тапсырылды. Алматы облысының Экология департаменті тарапынан ұңғымадан тараған судың қоршаған ортаға әсерін бағалап, тиісті экологиялық мониторинг жүргізілуі қажет. Ал Төтенше жағдайлар департаментіне нысанда төтенше жағдайдың туындауына жол бермеу мақсатында бақылауды қамтамасыз ету жүктелді.
Табиғат қорғау прокуратурасы мен Полиция департаментіне заңнама талаптарының сақталуына бақылау орнатып, құқықтық шаралар қабылдау тапсырылды. Облыс әкімінің аппаратына бұл жағдай бойынша облыстық деңгейдегі тиісті құрылымдардың әрекетсіздігі туралы орталық мемлекеттік органдарға ұсыныс жолдау міндеті жүктелді. Сонымен қатар, «LH AL» ЖШС-ға анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша күн сайын Алатау қаласы әкімдігіне есеп беріп отыру тапсырылды.
Аталған мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында. Құқықтық баға беру үшін барлық материалдар уәкілетті органдарға жолданады. Экология саласындағы мамандардың пікірі мен қосымша ақпараттар кейінірек ұсынылады.