"Dutch Clean Tech"компаниясымен екіжақты меморандумға қол қойылды

"Dutch Clean Tech"компаниясымен екіжақты меморандумға қол қойылды

Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Dutch Clean Tech» компаниясымен екі жақты Меморандумға қол қойды.
Бас құжаттың аясында «Dutch Clean Tech» компаниясы облыс әкімдігімен бірлесе «Алматы облысының аумағында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау» жобасын жүзеге асыратын болады.
Меморандумда өңірлік экономиканы дамыта отырып, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және қалпына келтіру жобаларды іске асыру басты негізге алынған.

Келелі жүздесу кезінде аймақ басшысы Марат Елеусізұлы екі жақты серіктестік қарым-қатынас одан арықарай оң бағытта динамикалық тұрғыда жалғасын табады деген ойын ортаға салды.

Сонымен қатар, облыс әкімі «Dutch Clean Tech» компаниясы ұсынып отырған қызмет түрі өңір үшін аса қажет екенін тілге тиек етті.

«Келешекте сіздердің компанияларыңыз шағын елді мекендермен қатар,үлкен қалаларда да өз қызметтерін көрсетеді деген ойдамын. Біздің Алматы облысында өңір халқының 83 пайызы ауылдық жерде тұрады. Жалпы алғанда, облыстың турситік әлеуеті жоғары. Алайда, аталған аймақтардағы инфрақұрылым жағдайын жақсарту аса маңызға ие, өйткені, онсыз аймақтардағы туристік орындарды дамыту мүмкін емес. Сондықтан бүгін біз екі жақты ынтымақтастықты нығайта отырып, жұмыс жасауға мүмкіндік беретін Меморандумға қол қоямыз»,-деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Меморандумға сәйкес, тараптар, инвестициялық жобаның кешенді жоспарын қалыптастыру арқылы, жобаның мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысу тиімділігін арттыуға барлық ықтимал жағдайларды қарасытаратын болады.

«Dutch Clean Tech» компаниясының операциялық директоры Слюймерс Яспера меморандум аясында 5-8 жобаның жүзеге асатынын алға тартты.

«Алдағы уақытта біздер туристік нысандарға басымдық береміз. Артынша, барша өңірді қамтитын боламыз. Барлық жұмыстарды облыстың басшылығымен ақылдаса отырып атқарамыз. Қазіргі таңда облыспен қаржылық жағдайды талқылау үстіндеміз, ол аяқталған соң құрылыс жұмыстарына кірісеміз», -деді «Dutch Clean Tech» компаниясының операциялық директоры Слюймерс Яспера.

Ендігі жерде компания Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс үшін жер учаскесін алып, жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері мен құзыреттері шеңберінде болжамды аумақта пайдалану және билік ету құқықтарын ресімдеуге жәрдемдесетін болады. Сондай-ақ, қажетті инфрақұрылымды (сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау, жолдар, газдандыру және т.б.) жобаның аяқталу мерзімінен кешіктірмей жүргізуге қол ұшын созуға тиіс.

Айта кетейік, меморандумдағы басты ерекшеліктердің бірі, Dutch Clean Tech» компаниясы жұмыс барысында қазақстандық кадрларға артықшылық беруге міндетті болып табылуы.
Бұл ретте мердігерлік және қосалқы мердігерлік жұмыстармен айналысатын персоналды қоса алғанда, жұмысқа тартылатын кадрлардың жалпы санынан пайыздық қатынаста қазақстандық кадрларды тарту басшы құрам бойынша 60%, жоғары және орта кәсіптік білімі бар мамандар бойынша 80%, білікті жұмысшылар бойынша 90% - құрауға тиіс.