
Іле ауданында жол инфрақұрылымын жаңарту қарқыны артып келеді. Өткен жылы ауданда 80 көше жөнделсе, биыл 107 көшені жөндеу жоспарланған.
Бүгінде оның 90-ында жұмыстар аяқталды.
Бүгін Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов Қараой ауылына барып, жол жөндеу жұмыстарының барысы мен сапасын тексерді. Аудан басшысы жаңадан асфальт төселген көшелерді аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.
Қараой ауылында Мереке, Алмалы, Қазақстан, Бейбітшілік, Ынтымақ, Рахат және Абай көшелеріне асфальт төселіп, жалпы 4,7 шақырымға жуық жол жаңарды.
Атап айтқанда, Мереке көшесінде – 484 метр, Алмалыда – 773 метр, Қазақстанда – 260 метр, Бейбітшілікте – 460 метр, Ынтымақта – 870 метр, Рахатта – 275 метр, Абай көшесінде – 1 560 метр жол жөнделді. Жеті көшенің жалпы ұзындығы 4 682 метрді құрайды.
Аудан әкімі жол сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін атап өтіп, мердігерлерге қойылатын басты талап – сапа екенін айтты.
«Өткен жылы ауданда 80 көше жөнделді. Биыл бұл көрсеткішті 107 көшеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде 90 көшеде жұмыс аяқталды. Әрбір жөнделген жолдың артында тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына жасалған қолайлы жағдай тұр. Сондықтан біз үшін санмен қатар сапа да маңызды. Жоспарланған жұмыстардың барлығы белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс», – деді Қайыржан Жақсымбетов.
Қараой ауылындағы жол жөндеу жұмыстарын «Оңтүстік Ғимарат» құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізді.
Ауданда қалған көшелерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін жоспарланған 107 көшедегі жұмыстарды толық аяқтау көзделген.