
Алматы облысына арнайы рейспен Даниядан 956 бас асыл тұқымды сүтті ірі қара мал жеткізілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінде хабарлады.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Голштин-Фриз» және «Джерси» жоғары өнімді тұқымдарының асыл тұқымды қашарлары 19 желтоқсанда Алматы халықаралық әуежайы арқылы әкелінген. Малдар Талғар ауданында орналасқан «Алматинский племенной завод» кооперативінің өндірістік базасына орналастырылды.
Әкімдікте бұл оқиғаның сүтті мал шаруашылығын одан әрі дамыту мен өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуда ерекше маңызға ие екені атап өтілді. Кооператив соңғы жылдары асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және сүт өндіру көлемін арттыру бойынша кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Қазіргі уақытта шаруашылықта «Голштин-Фриз» тұқымындағы 2 593 бас асыл тұқымды ірі қара мал бар. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәсіпорын 7 420 тонна сүт өндірген, ал бір сиырға шаққандағы орташа сауым 4 230 килограмды құраған.
2025 жылы «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы аясында кооператив 3 миллиард 480 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, «Тауарлы сүт фермасын кеңейту» инвестициялық жобасын іске асыруға кірісті. Жоба аясында осы айда Ресейден 443 бас ірі қара мал әкелінді, оның ішінде «Голштин-Фриз» тұқымындағы 152 бас асыл тұқымды қашар және «Джерси» тұқымындағы 291 бас сиыр бар.
Сонымен қатар, Даниядан тағы 513 бас асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілді, оның ішінде 161 бас «Джерси» және 352 бас «Голштин-Фриз» тұқымына жатады.
Жобаның жүзеге асырылуына пікір білдірген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев оның стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Сүтті мал шаруашылығын дамыту – облыстың агроөнеркәсіптік саясатының басым бағыттарының бірі. Талғар ауданында заманауи технологияларды енгізу және жоғары өнімді асыл тұқымды малды пайдалану арқылы жүзеге асырылып жатқан бұл жоба өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта сүт өндіру көлемін ұлғайтып, ауыл халқы үшін қосымша тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарлануда», – деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, жобаның толық іске асырылуы аудан деңгейінде сүт өндіру көлемін екі есеге арттыруға, ал жалпы облыс бойынша сүт өнімдерін өндіру мен жеткізуді 20 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл аграрлық сектордың тұрақты дамуына және ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері жылдың соңына дейін «Алматинский племенной завод» шетелден сатып алынатын асыл тұқымды қашарлардың жалпы санын 2 000 басқа дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Алдағы кезеңде ірі қара малдың қосымша партияларын жеткізу де көзделген.