
Қонаев қаласында Энергетиктер күніне орай энергетика саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты жиын өтіп, үздік мамандарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Шара өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудегі энергетика саласы мамандарының елеулі еңбегін атап өтуге бағытталды.
Іс-шара аясында жоғары кәсіби шеберлігі, энергетика саласын дамытуға қосқан қомақты үлесі және көпжылдық адал еңбегі үшін саладағы үздік қызметкерлерге «Еңбек сіңірген энергетик» және «Құрметті энергетик» төсбелгілері, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев энергетика саласының стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, “энергетика – өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың жайлы өмір сүруінің берік негізі. Технологиялық жаңару мен энергия тұтынудың артуы жағдайында мамандардың кәсібилігіне, жауапкершілігіне және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауына ерекше мән беріледі”.
Қазіргі таңда облыстың энергетика саласында шамамен 15 мыңға жуық маман еңбек етеді. Олардың күнделікті жұмысы өндірістік және әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, өңір экономикасының дамуына ықпал етуде.
2025 жыл Алматы облысының энергетика саласы үшін белсенді даму кезеңі болды. Өңірде 15 қосалқы станцияның құрылысы басталып, 24 елді мекенде 8,1 млрд теңге қаржы тарту арқылы электр беру желілерін салу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ел үшін стратегиялық маңызы бар алғашқы атом электр станциясын салуға арналған геологиялық-іздестіру жұмыстары бастау алды. Бұл жоба мемлекеттің энергетикалық жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған.
Шара барысында сала ардагерлерінің еңбегіне де ерекше назар аударылды. Олар Қапшағай және Мойнақ су электр станцияларын салу сынды ірі энергетикалық жобалардың жүзеге асуына атсалысып, отандық энергетика жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан.
Энергетиктер еңбегінің жоғары қоғамдық және мемлекеттік деңгейде мойындалуы олардың Алматы облысының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтудағы және өңірдің тұрақты дамуындағы айрықша рөлін айқын көрсетеді.