Ақши ауылындағы су құбырларының жағдайы туралы

Ақши ауылындағы су құбырларының жағдайы туралы

Іле ауданына қарасты Ақши ауылындағы су құбыры желілері Қазақстан Республикасы Су ресурстары министрлігіне қарасты «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК-ның балансында тұр. Ондаған жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген су жүйелерінің қатты тозуы елді мекендегі апаттық жағдайдың негізгі себебі болды. Су құбырларының жарылуының басты себебі – 1976 жылы салынған «Бозой» топтық су құбырының толықтай тозуы.

Көп жылдар бойы жүйеде бірнеше рет жарылыстар болып, олар тек жергілікті деңгейдегі шағын жөндеулермен қалпына келтіріліп келген. Бұл мәселені түбегейлі шешпеді. Соңғы күндері магистральда бірнеше рет құбыр жарылып, жүйе толық істен шығып, ауылға су беру тоқтап қалды. Биылғы 6 қарашада болған үлкен көлемдегі құбырдың жарылуы салдарынан су беруді толық тоқтатуға мәжбүр етті. Тексеру барысында 2 шақырымнан астам құбыр апатты жағдайда екені анықталып, осы учаскелердегі жұмыстар уақытша тоқтатылды.

Қазіргі жағдай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жеке бақылауында. Апат болғаннан кейін Алматы облысы әкімдігі, өңірдің ТЖД және «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК-ның «Алатау» Бозой топтық су құбыры филиалы өкілдерінің қатысуымен жедел тәртіппен ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия су жүйелерінің жағдайын жедел бағалап, зақымданған тұстарды анықтап, қажетті авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының көлемін белгілей бастады.

Сонымен қатар облыс әкімінің резервінен шұғыл жұмыстарға қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. «Техногендік төтенше жағдай» режимі аясында шамамен 2,6 шақырым су құбыры толық реконструкциядан өтеді деп жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жаңартылып, қаржыландыру нақтылауда.

Су беру тоқтаған кезеңде тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін төрт автоцистерна жұмылдырылды.

18 қарашада Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов оқиға орнына барып, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оның айтуынша, барлық ақаулар бір айдың ішінде жойылып, ауылға ауызсу беру толық қалпына келтіріледі. Құбырлардың толық ауыстырылуы Ақши тұрғындарын көптеген жылға тұрақты ауызсумен қамтамасыз етеді.